Қарағанды облысында аз қамтылған 5 мыңнан астам адамға түрлі көмек көрсетілмек
Отырыста Тәуелсіздік күні мерекесін өткізуге әзірлік барысы пысықталды.
- Біз ел Тәуелсіздігінің 23 жылдығын жоғары дәрежеде атап өтуіміз қажет. Облыс тұрғындарының мерекелік іс-шараларға белсенді қатысуына жағдай жасау керек. Әсіресе, көмекке мұқтаж жандар тағылымды мерекеде қуаныш пен шаттықтың лебін сезінуі тиіс, - деді облыс басшысы.
Аймақта осы мерекеге орай ұйымдастырылатын іс-шаралар жоспарын облыстың ішкі саясат басқармасы басшысы Нұрлан Рыстин таныстырды. Оның айтуынша, облыстағы қала, аудан және ауылдық елді мекендерде танымдық іс-шаралар өткізілетін болады. Өңір тұрғындары арасынан бес мыңнан астам аз қамтылған адамға түрлі көмектер көрсетілмек.
Еңбек дауы туындауының және азық-түлік бағасы қымбаттауының алдын алу, қысқы жылу мерзімін қалыпты өткеру, қар тазалау жұмыстарын толық қуатта атқару сияқты мәселелер де жиынға қатысушылар назарынан тыс қалмады. Бұл ретте облыс әкімі тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.
- Ал Жаңа жылдық безендіру жұмыстары 19 желтоқсан күні басталатын болады, - деді Н.Әбдібеков.