11:03, 02 Маусым 2013 | GMT +5
Қарағанды облысында балалар үйінің түлектеріне оқу гранттары бөлінеді
ҚАРАҒАНДЫ. 2 маусым. ҚазАқпарат - Халықаралық балаларды қорғау күні Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев балалар үйінің түлектерімен кездесті, деп хабарлайды аймақ басшысының баспасөз қызметінен.

«Облыста қазір балалар үйінің түлектеріне қолдау көрсету бойынша іс-шаралар жоспары әзірленуде. Ағымдағы жылы колледждерде оқуға 160 білім гранты және жоғары оқу орындарында оқуға 40 грант бөлінеді», - деп атап өтті Б.Әбдішев кездесуде.
Грантқа ие болу үшін ҰБТ-да кемінде 50 балл жинап, колледжге қабылдау емтиханын сәтті тапсыру қажет, деп түсіндірді ол.
Облыс әкімінің айтуынша, техникалық мамандықтарды таңдаған балалар үйінің үздік 5 түлегі осы жазда германиялық «Лукас Нулле» компаниясында оқуға мүмкіндік алады. Колледж бітірген соң бұл балалар интерактивті оқыту құрылғыларын шығаратын «Лидос ЛТД» қазақстандық компаниясының жаңа зауытында жұмыс жасайтын болады.