Қарағанды облысында биыл Индустрияландыру картасынан 11 жобаны іске асыру жоспарлануда

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Әнуар Ахметжанов ҚР Премьер-Министрдің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің қатысуымен өткен өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында мәлім етті.
«Қарағанды облысынан Индустрияландыру картасына шамамен 400 млрд. теңгеге 66 жоба енген. 2010-2012 жылдары 42 жоба пайдалануға берілді. Биыл кем дегенде 11 жобаны іске қосу жоспарлануда. Қалған жобалар 2014-2016 жылдар аралығында қатарға қосылатын болады», - деді Ә. Ахметжанов.
Билік өкілдерінің берген ақпаратына зер салсақ, іске қосылған кәсіпорындардың 26-ы жобалық қуаттылыққа шықты.
Ол сондай-ақ «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша биыл 160 жобаны мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз ету жоспарда бар екенін айтты. «Аталмыш бағдарламаны іске асыруда облыста 50 млрд. теңгеден астам сомаға 253 жоба мақұлданды», - деді облыс әкімінің орынбасары.
Баяндамадан мәлім болғандай, биыл көктемде Қарағанды облысында барлық моноқалаларда кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын ашу жоспарлануда. Сондай-ақ Қарағандыда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын құру көзделуде.