Қарағанды облысында «Бизнестің жол картасы» МБ бойынша денсаулық сақтау саласының екі жобасы жүзеге асуда
«Облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің төрағалығымен, индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша аймақтық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. «Бизнестің жол картасы - 2020» бірыңғай бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау алуға жазылған 6 өтініш қаралып, қанағаттандырылды», делінген хабарламада.
Екі жоба денсаулық сақтау саласында жүзеге асып жатыр. Олар - құны 360,9 миллион теңге тұратын Қарағандыдағы «Olymp Medical Group» ЖШС аллергологиялық орталығы және «Эстель» пластикалық және қалпына келтіру хирургиясы клиникалар желісінің кеңеюі.
«Аллергологиялық орталық Қарағанды облысында тұңғыш рет ашылғалы отыр. Аллергиялық белгілердің 14 түріне диагноз қою және емдеу қызметтерін көрсету жоспарланып отыр», - деп жазылған хабарламада.
Үйлестіру кеңесінің мүшелері «Эстель» клиникасы жобасының несие бойынша пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау түріндегі қолдау алуын мақұлдады. Берілген қаражатқа компания қызмет түрлерін кеңейтуге мүмкіндік беретін медициналық жабдықтар алған. Кәсіпорын басшылығының ақпараты бойынша, клиника мемлекеттік тапсыры аясында жұмыс істеуге ниеттеніп отыр.
«2013 жылы компания «Бизнестің жол картасы - 2020» бірыңғай бағдарламасы аясында қолдауға ие болған еді. Осының арқасында клиниканың жаңа стандарттап мен талаптарға сай жаңа ғимараты салынды», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Үйлестіру кеңесінің отырысында мемлекеттік қолдау алған тағы жоба Теміртаудағы 110 орындық қоғамдық монша салу жобасы болды. Басқа жобалар агроөнеркәсіп саласында, құрылыс материалдарын өндіру және сату саласында іске асырылып келеді.
Аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы 43 жаңа жұмыс орнын ашып, 120 жұмыс орнын сақтап қалуға болады.