Қарағанды облысында болған жазғы құрғақшылық астық науқанында байқалып отыр

ҚАРАҒАНДЫ. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды облысында қазіргі таңда 205 гектардағы дәнді дақылдар орылып алынды, бұл барлық алқаптың 30 пайызын құрайды, бір гектардан 4,4 центнер бидай алынып, 91 мың тонна астық жиналды.
None
None

Бұл мәліметтер облыс әкімінің орынбасары Төлеутай Рахымбековтің төрағалығымен өтіп, егін науқаны, азық-түлік қорын құру мәселелері талқыға түскен кеңес барысында айтылды.

Былтырғы жылға қарағанда, биыл қамбаға түскен алтын дән мөлшерінің аздығы - жазғы құрғақшылыққа байланысты, деп аталып өтілді кеңес барысында. «Үстіміздегі жылдағы ауа райының күрделі болғанына қарамастан, біз 360-380 мың тонна астық жинаймыз деген үміттеміз», - деді облыс әкімінің орынбасары. Қарағанды облысының әкімдігі мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің «ҚазАгро» Ұлтық басқарушы холдингі» АҚ, «Астық өндірушілер мен нан пісірушілер одағы» азық-түлік корпорациясы аймақтағы ұн комбинаттарына астықты бір тоннасын 26,5 мың теңгемен сату жөніндегі меморандумға қол қойғанын хабарлай келіп, облыс әкімінің орынбасары меморандумның негізгі мақсаты бірінші сортты ұнның, бидай наны, макарон өнімдері бағасының негізсіз қымбаттауына жол бермеу екендігін атап өтті.

Сонымен қатар, экономиканы жаңарту жөнінде өткен мемлекеттік комиссияның отырысы барысында Елбасының нан бағасының негізсіз қымбаттауына жол бермеу туралы тапсырмасына сәйкес, «ҚазАгро» ұлттық холдингінің бір тонна астықты 26,5 мың теңгемен сатып алатындығын Т.Рахымбеков тағы бір еске салып кетті. Оның айтуынша, Қарағанды облысына бөлінген квота 52,6 мың тоннаны құрайды. «Қаражат аудандар арасында бөлінді, астықты сақтау жөніндегі лицензияланған нан қабылдау кәсіпорындары белгіленді», - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Кеңес қорытындысы бойынша, қалалар мен аудандар әкімдеріне, ауыл шаруашылығы басқармасына тапсырмалар жүктелді.

Қала әкімдеріне өндірушілерді астықпен қамтамасыз ету және нан пісіруші кәсіпорындарды ұнмен қамтамасыз ету жөніндегі барлық мәселені ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесе отырып жедел түрде шешу тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар