Қарағанды облысында Еркіндік ауылындағы жағдайды бақылау үшін арнайы штаб құрылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында Шет ауданы Еркіндік ауылындағы жағдайды бақылау үшін арнайы штаб құрылды. Бұл ауылдың тұрғындары түйнеме, сібір ойық жарасын жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлады.
None
None

«Шет ауданындағы эпизоотикалық жағдай қатаң бақылауда. Қазір арнайы штаб құрылды. Оған жергілікті атқарушы органдар, Қарағанды облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті мен Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының өкілдері енді», - делінген хабарламада.

Облыстық әкімдіктің ақпаратынша, 16 маусымда Шет ауданы Еркіндік елді мекенінің тұрғыны ауылдағы ветеринарлық фельдшерге ауырып қалған ірі қара жайлы айтқан. Екі күннен кейін бұл тұрғын ветеринарға ескертпей ауру малды сойып, оның етін көршілеріне сатқан.

«Етті сатып алған ауылдың екі тұрғыны қолына бөртпе шығып, ауруханаға түсті. Ағадыр кенті ауруханасының дәрігерлерінің сөзіне қарағанда, алдын ала «сібір ойық жарасы» диагнозы бекітілді. Дәрігерлер бұл туралы ветеринарлық қызметке хабарлады. 19 маусымда Шет ауданындағы ветеринария және ветеринарлық станса бөлімінің, аудандық аумақтық инспекция қызметкерлері эпизоотологиялық зерттеу жүргізді», - деді облыстық әкімдікте.

Сойылған малдың ет-сынамалары 20-21 маусымда республикалық ветеринарлық зертхананың облыстық филиалы мен Ветеринария бойынша ұлттық референтті орталыққа сараптама жүргізуге жөнелтілді.

Еркіндік ауылында залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланды.

Осыған дейін Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап хабарлағандай, 19 және 21 маусым аралығында облыстық инфекциялық ауруханаға түйнемеге шалдықты деген күдікпен ауылдың 7 тұрғыны жатқызылды. Олардың ішінде 10 жастағы бала бар. 33 жастағы әйел мен 49 жастағы ер адам қаза тапты.
Олардың барлығы Шет ауданы Еркіндік ауылының тұрғындары.

Соңғы жаңалықтар