21:28, 28 Мамыр 2010 | GMT +5
Қарағанды облысында Индустрияландыру картасына енген инвестжобалардың бірі пайдалануға берілді
ҚАРАҒАНДЫ. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Бүгін Қарағанды облысы «Азия Хайер» кәсіпорнында газ қоспаларының өндірісі іске қосылды.
Бұл Жедел индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы елдің Индустрияландыру картасына енген инвестжобаларының бірі болып табылады.
Жаңа кәсіпорынның ашылу салтанатына аймақта жұмыс сапарымен жүрген ҚР индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Берік Қамалиев қатысты. «Жалпы Индустрияландыру картасы бойынша облыстағы міндеттер орындалып жатыр. Мұнда Жедел индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру үшін көп жұмыс жасалуда», - деп атап өтті ол.
Қазақстан метрология институтының қатысуымен жүзеге асқан жобаның маңызы сонда, бұл өндіріс газ сараптамалық құрылғылары мен газ бақылау жүйесін тексеруге арнап жасалған.
Жобаның құны 155 млн. теңгені құрады. Жобаның арқасында жаңадан 11 жұмыс орны құрылды.