Қарағанды облысында «Қауіпсіз жол» шарасы өтіп жатыр

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында тамыздың 8-10 аралығында «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-алдын алу шарасы (ЖААШ) өткізіліп жатыр. Бұл күндері трассаларға әдеттегіден көбірек жол-патруль полициясының қызметкерлері шығады, деп хабарлайды өңір басшысының баспасөз қызметі.

Қарағанды облысында «Қауіпсіз жол» шарасы өтіп жатыр

ЖААШ мақсаты - жолдардағы апаттылық жағдайларын төмендету. Ерекше назар жүк тасымалдаушы және қоғамдық көліктерге аударылады. Жергілікті атқарушы органдар және көліктік ұйымдардың бірлескен рейдтері өтеді деп жоспарлануда. 

ІІД ақпараты бойынша, 7 айда облыс жолдарында 256 жол апаттары тіркелген, онда 81 адам қаза тауып, 341 адам жарақат алған. Өткен жылғы осындай мерзіммен салыстырғанда жол апаттары 32,8%-ға төмендеген, ал жәбірленушілер саны 31,3%-ға кеміген. Дегенмен, қаза болғандар 15,7%-ға өсіп кеткен.

Көбінесе жол апаттары жеңіл көлік жүргізушілерінің кінәсінен болады. Негізгі себептер жылдамдық режімін ұстанбау, озып өту әрекетін дұрыс орындамау, қарама-қарсы жолаққа шығып кету, көлікті мас күйінде жүргізу болып отыр. 
Қарағанды облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметі жол қозғалысына қатысушыларды ереже бұзбауға шақырады.