Қарағанды облысында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына 9,8 млрд. теңге инвестиция салынды
Шараға Қарағанды облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасы құрылыс комитетінің, құрылысшылар қауымдастығының өкілдері, құрылыс компанияларының басшылары қатысты.
«Бүгінде «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын іске асыру аясында барлық тұрғын үй құрылысын қаржыландыру көздеріне 9,8 млрд. теңге инвестиция құйылды немесе ол 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 181,3 пайызды құрайды», - деп хабарлады ҚР ӨДМ Құрылыс және ТКШ комитеті төрағасының орынбасары Ұлан Жазылбек. Оның айтуынша, ТКШ жаңғырту бағдарламасы бойынша 2011-2012 жылдары 1,5 млрд. теңге игерілді. 109 көп қабатты үй жөндеуден өтті. 2014 жылы тағы да 39 үйді жөндеу жоспарлануда. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 844,4 млн. теңге бөлінді. «2013 жылы коммуналдық секторда жалпы сомасы 2,8 млрд. теңгеге 3 жоба іске асырылды. 17,3 шақырым жылумен жабдықтау желілері мен бір қазандық салынып, қайта жаңартылды. 2014 жылы Қарағанды облысының әкімдігі жалпы сомасы 4,5 млрд. теңгеге 2 ауыспалы жобаны іске асыруда», - деп хабарлады Ұ.Жазылбек. Комитеттің мәліметтеріне сүйенсек, Қарағанды облысының қалалары бойынша орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділік 83,9 пайызды, орташа республикалық көрсеткіш бойынша 85 пайызды, орталықтандырылған су бөлуге қолжетімділік - 55,3 пайызды құрайды. 2014 жылы қалалық сумен жабдықтау бойынша әкімдік 5,4 млрд. теңгелік 11 жобаны, ауылдық жерлерде - 1,6 млрд. теңгелік 10 жобаны қолдады.