Қарағанды облысында мүгедектер үшін спорт клубын құруға болады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мамандандырылған спорт клубын құруды ұсынды ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев.
None
None

«Облыста мүмкіндігі шектеулі жандарға спорт клубын, аудандарда оның филиалдарын құру мәселесін шешу қажет. Бұл көптеген мүгедектерді облыс орталығында ғана емес, ауылдық елді мекендерде де спортқа көптеп тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол мүгедек-спортшылар арасында оқу-жаттығу үдерісінің сапасын жақсартуға жәрдемдеседі», - деді Т.Есентаев бүгін Қарағандының спорт жұртшылығымен кездесуде.

Мүгедектермен спорт жұмыстары жеткіліксіз, деді ол. «Өңірде мүмкіндіктері шектеулі жандар үшін жалғыз ғана мүгедектер спорты бойынша облыстық мамандандырылған мектеп жұмыс істейді. 2013 жылы облыста 61 мыңнан астам мүгедектер болды, олардың 2,5 мыңға жуығы ғана спортпен айналысуда. Тұтастай алғанда, мүмкіндігі шектеулі жандарды қамту көрсеткіші 2012 жылға қарағанда 23 адамға ғана өскен, бұл өңір үшін мүлдем жеткіліксіз», - деген мәліметтерді келтірді бейіндік агенттік басшысы.

Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз аймақ құру Мемлекет басшысының Жолдауында алға қойылған міндеттердің бірі, деп еске салды Т.Есентаев. «Агенттік мүгедек-спортшылар үшін спорттық даярлық республикалық орталығын құруда», - деп хабарлады ол.

ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы 17 наурызда Қарағанды облысына ақпараттық-насихаттық топ басшысы ретінде келді. Сапар мақсаты - ел Президентінің «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын түсіндіру.

Соңғы жаңалықтар