12:41, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
Қарағанды облысында наурыздың 8-і күні босанған әйелдер ақшалай сыйлық алады
ҚАРАҒАНДЫ. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ – Қарағанды облысында наурыздың 8-і - Халықаралық әйелдер күні босанған әрбір әйел 25 мың теңге көлемінде материалдық көмек алады.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады. Бұл шара аймақ басшысы Нұрлан Нығматуллиннің ұйытқы болуымен өткізілгелі отыр. «Ана болу - әйелдің басты мақсаты, ал әйелдер мейрамы күні ана атану - қос мереке. Біз осындай атаулы оқиғаны назардан тыс қалдырғымыз келмеді, себебі ана мен баланы қорғау Елбасы анықтап берген басты басымдықтардың бірі болып табылады», - дейді облыс әкімі.Наурыздың 8-і күні Қарағанды облысында 80 нәресте дүниеге келеді деп күтілуде. «Әрбір нәрестенің анасы мейлі ол қалада тұрсын немесе алыс елді мекенде тұрсын, назардан тыс қалмайды. Облыс әкімінің атынан сыйлықтарды қала және аудан әкімдері табыс етеді», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.