Қарағанды облысында осыдан бір апта бұрын жоғалып кеткен Қызылжар кентінің тұрғыны іздестіріліп жатыр

Бұл туралы дүйсенбі, қыркүйектің 20-сы күні облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
33 жастағы ер адам қыркүйектің 13-і күні таңертең «Иж-Юпитер» мотоциклімен Нұра ауданы, Баршын ауылына қарай мал қарауға шығып кетіп, қайтып оралмаған. Оның жоғалғандығы туралы ақпарат Жаңаарқа ауданының төтенше жағдайлар жөніндегі бөліміне қыркүйектің 17-сі күні келіп түседі.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, іздеу-құтқару шараларын жүргізу үшін облыстық ТЖД жедел-құтқару бөлімінің, ІІБ-нің, «Қазхром» АҚ-ның, темір жол құрылымдарының қызметкерлері мен жергілікті халықты қоса алғанда 61 адам мен 15 техника жұмылдырылып отыр. «Іздестіру шаралары әзірге оң нәтижесін берген жоқ», - делінген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.