Қарағанды облысында полицейлер «Тонировка» шарасын өткізіп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында бастап полиция қызметкерлері «Тонировка» рейдін өткізіп жатыр. Шараның негізгі мақсаты - автомобильді пайдалану ережелерін бұзуды анықтау, дейді Қарағанды облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметі.
Машиналарында терезе пердешесін немесе әйнектерін қараңғылатып алған көлік иелеріне әкімшілік айыппұл тағылады. Қарағанды облысы ІІД Жергілікті полиция қызметі көліктің әйнектеріне пердешелерді жүру барысында қолдануға болмайтынын, оны тек тұрақта тұрған кезде ғана пайдалануға рұқсат етілгенін тағы да ескертеді. Пердешелер жүргізушіге маңындағы қозғалысты байқауға бөгет болып, жол апатына соқтыруы мүмкін. Ол жайлы ҚР ЖҚЕ-нің №2 қосымшасының 7.3 пукнтінде айтылады: «Жүргізуші отырған жерден көруді шектейтін, жол қозғалысына қатысушылардың жарақат алу қаупін тудыратын қосымша заттар орнатылған. Механикалық көлік құралы кабинасының (салонының) желқағар және (немесе) алдыңғы бүйіріндегі әйнектеріне жабынды жағылған не болмаса түрлі-түсті пленкалар жапсыруға тыйым салынады». Ереже бұзушыларға бес айлық көрсеткіш есебінде (11345 теңге) айыппұл тағылады.
2017 жылдың басынан бері Қарағанды облысында «Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бекітілген ережелерге сәйкес келмейтін көлік құралын басқару» бабына сай әкімшілік жазаға 3390 автокөлік иелері тартылды, деп хабарлайды karaganda-region.gov.kz .