Қарағанды облысында полиция $1000 бопсалаған

«Шахтинск қалалық сотының үкімімен сотталушы ҚР ҚК (16.07.1997 ж. бекітілген) 308-бабы, 4-бөлігі, «а, в» тармақтарында көрсетілген («Билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану») қылмыстарды жасауда айыпты деп танылды. Оған жалпы режимдегі түзеу колониясында жазасын өтеу үшін 6 жыл, 6 айға бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалды», - деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.
Қосымша жаза ретінде 6 жылға мемлекеттік органдарда жұмыс істеуге тыйым салды. Қылмыстық іс материалдарына сүйенсек, сотталушы криминалды полиция бөлімінде аймақтық-аумақтық топтың жедел уәкілі болып жұмыс істеген. Полиция есірткі сатушының үйі маңында автокөлікті тоқтатады, салонда екі ер адам отырған. Олардың біріне тәртіп сақшылары өз көліктеріне отыруды бұйырған және соққыға жыққан. Жедел уәкіл жәбірленушіні қылмыстық жауапкершілікке тартамын деп қорқытып, 1000 доллар талап еткен. Үкім заңды күшіне енген жоқ және апелляциялық сотқа шағым түсіруге болады.