Қарағанды облысында сайлауды бақылау бойынша қоғамдық комиссия 700-ден астам байқаушыны дайындайды

«Бүгін біз жұмысымызға кірісеміз. Комиссия құрамына қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, мәдениет қайраткерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері енді. Біз ашық, әділ сайлауды қолдаймыз. Комиссия мүшелері барлық кандидаттар үшін тең жағдайлар жасауды, сайлау үрдісін бұзу мүмкіндіктерін жою бағытында жұмыс жасайды», - деді брифингте облыстық қоғамдық комиссия төрайымы, «Қарағанды облысының Азаматтық альянсы» қауымдастығының президенті Наталья Вшивцева. Аймақта байқаушыларды дайындайтын семинарлар ұйымдастырылады. Комиссия басшысының сөзіне қарағанда, 700-ден астам байқаушыны дайындау жоспарланған. «Қазірдің өзінде үгіт-насихат науқанын, сайлау комиссияларының жұмысын бақылай бастадық. Сайлау күні де сайлау учаскелерінде біздің байқаушылар болады», - деді қоғамдық комиссия мүшесі, Қарағанды облыстық кәсіпкерлер қауымдастығының атқарушы директоры Серік Санаубаев.