Қарағанды облысында шалғай ауылдарға көшпелі дәріхана барады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында биыл шалғайдағы ауылда тұратын созылмалы дертке шалдыққан науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін көшпелі дәріханаларды іске қосу көзделіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
None

«Тұрғындар тарапынан созылмалы дертке шалдыққан науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты шағым көп екені жасырын емес. 2017 жылы бізге осы саладағы қаржыландыруды 5,5 млн теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік туды. Ол өз кезегінде созылмалы дерті бар науқастарды 100% дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге септігін тигізді. Бұл проблеманы шешу үшін біз емханалардың ішінде дәріханалар ашып, әлеуметтік дәріханалар желісін құрдық. Биылғы жылы шалғайдағы елді мекен тұрғындарын дәрмекпен қамту үшін көшпелі дәріханалар құруды көздеп отырмыз», - деді облыстық мәслихаттың XVI сессиясында Денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Ержан Нұрлыбаев.

Оның айтуынша, өңірде емханалар мен ауруханалардың техникалық жағдайын жақсарту жоспары жасалған. Соңғы үш жылда 35 медициналық мекемеде күрделі жөндеуден өткізу үшін 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

2018 жылы 1,5 млрд теңге 15 ғимаратты жаңғыртуға жұмсалмақ. Барлығы облыс бойынша 77 денсаулық сақтау мекемесі жөндеуді қажет етеді. Бұл мақсатқа 7 млрд теңгеден астам қаржы қажет. 
«Қарағанды облысы әкімінің тапсырмасы бойынша денсаулық сақтау нысандарының жағдайын жақсарту бойынша үш жылдық жоспар құрылды. Республикалық бюджеттен келген субвенцияның арқасында біз үш жылда барлық нысандарды қалыпқа келтіре алатын боламыз», - деді басқарма басшысы. 
Бұған қоса, облыстық онкологиялық диспансерге қажетті жаңа жансақтау - операциялық блоктың құрылысына қатысты мәселе шешіліп жатыр. Жобалық-сметалық құжаттама құрылған, құжат қазіргі таңда бекітуге жіберілді. 
Сондай-ақ, 300 орынға шақталған облыстық клиникалық аурухананың жаңа ғимаратын салу жоспарланып отыр.

Дәрігерлер тапшылығы мәселесі қызметтік баспана беру жолымен шешілуде. Пәтерлер Балқаш және Саран қаласының жас мамандарына берілді. 2019-2020 жылдары 160 медициналық қызметкерлерді ведомстволық баспанамен қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Соңғы жаңалықтар
Референдум