16:32, 08 Шілде 2016 | GMT +5
Қарағанды облысында сібір жарасы дерегінің тіркелуі ет экспортына еш әсер етпейді - ҚР АШМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында сібір жарасы дерегінің тіркелуі ет экспортына еш әсер етпейді. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлім етті.
«Сібір жарасы төңірегінде орын алған жайт ет экспортына еш кедергі келтірмейді. Өйткені, халықаралық сауда талаптарына сәйкес аусыл, классикалық шошқа обасы сынды аса қауіпті алты ауру түрлерінде ғана эпизоотикалық жағдай ескеріледі», - деді ол.
Сонымен қатар ол еліміздің ветеринарлық қызметтері мен әкімдіктер ветеринарлық бақылауды, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуі тиістігін баса атап өтті.
«Қарағанды облысындағы сібір жарасына қатысты оқиғаны тергеудің нәтижесінде ветеринарлық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшесінің қызметкері Түсіпов жазаланды. Қарағанды облысы Шет ауданының басшысы жұмысынан босатылды және Қарағанды облыстық ветеринарлық бақылау комитеті инспекциясының жетекшісі Мұхтаров сөгіс алды», - деді Г.Исаева.