Қарағанды облысында соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне 1 млн теңгеден берілді

Қарағанды облысында қазір 67 соғыс ардагері мен мүгедектері тіршілік кешіп жатыр. Бір реттік материалдық көмек олардың жеке есеп шоттарына аударылды, сондай-ақ, үйлеріне жеткізілді.
Одан бөлек, аймақтағы Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген 101 адамға, яғни концлагерлердің кәмелетке толмаған тұтқындарына, қоршаудағы Ленинград тұрғындары мен ерікті майдан еңбеккерлеріне де 200 мың теңгеден бөлінді.
Қолдау соғыс жылдары қайтыс болған ардагерлер мен тыл еңбеккерлері отбасыларына да көрсетіліп, осы санаттағы 8778 адам 50 мың теңгеден алды.
Ауғанстанда соғысқан жауынгер-интернационалистер (596 адам), ЧАЭС апатын жоюшылар (598 адам) да назардан тыс қалған жоқ. Оларға 100 мың теңгеден төленді. Сонымен қатар, биылғы жылдың ақпан айында Ауғанстан Демократиялық Республикасынан кеңес контингентінің шығарылуының 31 жылдығы аталып өткенде, Қарағанды облысының бірқатар қалалары мен аудандарында аталған жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқандарға 100 мың теңгеден бөлінді. Бұл қаражатты 902 адам алды.
Жалпы, Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында бөлінген материалдық көмектің жиынтық сомасы – 757,4 млн. теңге.
Қазақстанның өзге аймақтары арасында, Қарағанды облысы төлемді ерте бастағанын ерекше атап өту керек.