Қарағанды облысында спорт керуені өз саяхатын аяқтады

Керуен құрамында облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карпов, «Шахтер» футбол клубының бұрынғы шабуылшысы, бапкер Андрей Финонченко және Бейжіңдегі олимпиадаға қатысқан жеңіл атлет Сергей Засимович болды.
Сондай-ақ акробаттар Александра Рудакова мен Дамир Толғат, семсерлесу спорты бойынша ҚР чемпиондары Лионтий Мусалов, София Спичова Жасмин Кападжи, Ангелина Нурмагамбетова және Анастасия Кулик, сондай-ақ боксшылар мен қазақ күресінің палуандары да бірге саяхаттады.
Спортшылар шалғайдағы ауыл балаларына шеберлік сыныптарын ұйымдастырып, ашық жаттығулар өткізді. Оларды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Спорттық керуен жаз бойы аймақ аумағын аралады. Осы уақыт аралығында оның қатысушылары Нұра, Осакаров, Қарқаралы, Бұқар жырау аудандарында болды. Керуеннің арқасында Ботақара мен Нұрада спорттық алаңдар салынды.
Акцияның қорытынды шарасында, яғни қараша айында Қарағандыдағы Нүркен Әбдіров атындағы спорт сарайында музей ашылмақ. Оған экспонаттарды керуен аралап қайтқан аудандар мен облыстың танымал спортшылары ұсынады.