Қарағанды облысында судья лауазымына жарияланған конкурста бір орынға алты үміткер болады

деп хабарлады бүгін Қарағанды облыстық сотының төрағасы Ермек Серекбаев арнайы өткізілген баспасөз мәслихатында.
«Біздің облыс бойынша аудандық және оларға теңестірілген судьялардың бос орындарына 60 үміткер бар, ал бос орындар саны тек он. Бүгінгі күні үміткерлерді таңдау ашық өткізілуде. Әр кандидат өткен аптада Қарағанды облыстық соты мен аудандық және оларға теңестірілген судьялардың жалпы отырысында жеке -жеке қарастырылды. Үміткерлерге қажетті ұсыныстар айтылды», - деп атап өтті Е.Серекбаев.
Оның айтуынша, конкурсқа заң мамандары - сот жүйесінің, прокуратура органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, адвокаттар, түрлі ұйымдардың заң кеңесшілері, жоғары оқу орындарының ұстаздары, фискалды органдар мен өзге де мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысуда.
Сонымен қатар, Қарағанды облыстық сотында судьялардың төрт бос лауазымы да бар, деді төраға.
«ҚР Жоғарғы сот кеңесімен бос лауазымдық орындар үшін конкурс 2010 жылғы шілденің 20-сында жарияланды. Конкурстың қорытындыларын шығару қыркүйектің соңына жоспарланып отыр», - деп хабарлады Е.Серекбаев.