14:53, 11 Шілде 2016 | GMT +5
Қарағанды облысында сүңгуірлер Нұра өзеніне батып кеткен жігіттің мәйітін тапты
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Теміртау қаласында сүңгуірлер үшінші тәулікте Нұра өзеніне батып кеткен 20 жастағы жігіттің мәйітін тапты. Бұл туралы қалалық ТЖБ хабарлады.
«10 шілдеде күндіз Нұра өзенінде ҚР ІІМ ТЖК құтқарушылары 7 шілдеде суға кеткен жігіттің мәйітін тапты», - делінген хабарламада.
Мәйіт Астанаға қарай баратын көпір ауданынан табылды.
Құтқарушылар атап өткендей, ағыстың қатты болуы мен су қоймасы түбіндегі ағаштар іздеу жұмыстарын күрделі ете түсті.
Бұрын хабарланғандай, Қарағанды облысы Теміртау қаласында 20 жастағы жігіт Нұра өзеніне батып кетті. Досы оны құтқармақ болды, алайда қолынан келмеді. Оқиға орнына жедел құтқару құрылымдары жөнелтілді.
Құтқарушылардың ақпаратынша, биыл теміртаулық су қоймаларында қайғылы аяқталған осымен бесінші оқиға тіркелді.