Қарағанды облысында супер-полицей қызмет етіп жатыр
Медет Асқаров үйдегі 7 ұлдың ортаншысы. Әкесінен жастай айырылып қалған. Ешкімнің ала жібін аттамау, қажет кезде қол ұшын созуды ана тәрбиесінен бойға дарытқан. Ең алғаш 2018 жылы 5 баланы өрттен аман алып қалады.
«Бір әйел омыраудағы баласымен далаға шығып құлап, көмек сұрады. Ол «балаларымды құтқар, үйде өрт болып жатыр, қара түтін алып кетті» деді. Үйіне жүгіріп кіріп, кімнің аяғын ұстадым, соны сүйретіп, үйге жеткізе бердім. Жұбайымнан жедел жәрдем шақыруды сұрадым», - дейді Медет Асқаров.
Ал биыл жазда тәртіп сақшысы суға батып бара жатқан екі адамды құтқарады.
«Әріптесім «екі әйел батып жатыр» деп телефонмен хабарласты. Содан мен өз көлігіммен өзенге бардым. Сөйтсем әріптесім бір әйелді құтқарып жатыр екен. Бірақ екеуі де батып барады. Алдымен жеңілдеуін қолынан ұстап алып шықтым да, кейін бар күшімді жинап, екінші Инга деген әйелді құтқардым», - дейді Бұқар жырау аудандық полиция бөлімінің аға лейтенанты.
Соңғы жағдай күні кеше болыпты. Тілеген есімді ауыл тұрғыны қас қарайған шақта жұмыстан үйіне қайтып келе жатқанда, жақында ғана алған су жаңа көлігі тасжолда аударылады. Екі баланың әкесі есінен танғаны немесе қатты шошығаны есінде жоқ, әйтеуір есік ашуға қауқары болмаған. Абырой болғанда алдында Медет келе жатып, байқап қалады.
«Ауа райы қолайсыздығына байланысты аздаған боран, көктайғақ болды. Рульге ие бола алмай қалдым. Машинаны аударып алдық. Көктайғақ, машинаны әрі-бері лақтыра бастады, екі рет айналып түстік. Көлігімнің ішінде қауіпсіздік белдігін босата алмай жатқан кезде Медет деген жігіт келді. Оған алғысым шексіз», - деді Ботақара кентінің тұрғыны Тілеген Сәкенов.
Медет Асқаровтың үш баласы бар. Ішкі істер саласында 16 жылдан бері қызмет етіп келеді. Соңғы жасаған ерлігі үшін халық әлеуметтік желілерде оған ықыласын білдірген. Ал аудандық полиция бөлімі облыс департаментіне Медетке құрмет көрсетіп, марапаттау ұсынысын жасаған. Бірақ полиция аға лейтенанты адам құтқаруды адамгершілік борышым деп санайды.