Қарағанды облысында төбелесте жарақаттанған азаматты ауруханаға жеткізбек болған автокөлік жол апатына ұшырады
«Қызылорда-Павлодар» автожолының Қарағанды облысы, Абай қаласы мен Дубовка кентінің арасындағы бөлігінде «Ауди 80» автокөлігі орға аударылды. Жол-көлік апаты салдарынан 25 жастағы жүргізуші мен оның төрт жолаушысы: 20 жастағы үш жігіт пен 19 жастағы қыз түрлі жарақаттар алды. Зардап шеккен ер азаматтың бірі ауруханаға барар жолда жан тәсілім етті. Оның денесінде пышақтың төрт рет сұғылған жарақаты анықталды», - делінген таратылған хабарламада.
Анықталғандай, жастар Дубовка кентіндегі ойын-сауық орталығына көңіл көтеруге барған. Келушілер арасында түсініспеушілік туындап, нәтижесінде бір жігіт пышақтан бірнеше жарақат алды. Жолдастары оны өз беттерімен ауруханаға жеткізбек болды.
«Жүргізілген жедел-іздестіру шараларының барысында Бұқар жырау ауданы ішкі істер басқармасы полициясы Тельман бөлімшесінің және облыстық ІІД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері еш жерде жұмыс істемейтін, Саран қаласының 22 жастағы тұрғынын ұстады. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау абақтысына қамалды. Факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізілуде», - делінген хабарламада.