18:07, 29 Маусым 2016 | GMT +5
Қарағанды облысында түйнемеден зардап шеккендердің жағдайы тұрақты - Т. Дүйсенова
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында түйнемеден зардап шеккендердің жағдай тұрақты. Бұл туралы бүгін халықпен есептік кездесу барысында сауалға жауап берген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова айтты.

«Қарағанды облысының инфекциялық ауруханасына түскен адамдардың барлығының жағдайлары тұрақты. Дәрі-дәрмекті қоса алғанда, барлық қажетті заттармен олар толық қамтамасыз етілді. Біз бұл мәселені күнделікті бақылауда ұстап отырмыз», - деді министр.
Айта кетейік, 2016 жылғы 20-24 маусымда облыстық инфекциялық ауруханаға түйнеме жұқтырды деген күдікпен 9 адам жатқызылған. Өкінішке орай, қарқынды емге қарамастан, екі адам қаза тапты. 23 маусымда олар жерленді. Әлеуметтік қолдау шаралары қабылданды. Қаза тапқандардың отбасына 400 мың теңгеден материалдық көмек берілді.