Қарағанды облысында түйнемеге қарсы егілген вакцинаның сапасын еуропалық мамандар тексереді

«Әрине, біз қазіргі кезде вакцинаның сапасына қатысты мәселені көтеріп отырмыз. Мемлекеттік сатып алу жүргізілгеннен кейін осы препаратты қабылдау кезінде зерттеулер жүргізіліп,оның нәтижесі вакцинаның сапалы екенін көрсетті. Бүгінде вакцина үлгілерін іріктеп, министрдің талабы бойынша бұл вакциналар тәуелсіз еуропалық референттік зертханаға жіберілді. Біз осы вакциналардың сапасын салыстырамыз»,- деді Г. Исаева ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өткен Қарағанды облысындағы эпизоотиялық ахуал жөніндегі кеңес барысында тілшілерге берген сұхбатында.
Осы ретте ол егер де сапасыз вакцина туралы қорытынды шығарылса, онда кінәлілер тиісті жазасын алатынын атап өтті.
Оның сөзіне қарағанда, Қарағанды облысы түйнемеге қарсы вакцинамен қажеттілігіне қарай толықтай 100 пайызға қамтамасыз етілген және өңірде екпе жұмыстары қазіргі кезде 90 пайызға жүргізілген көрінеді.
«Ауру ошағы пайда болған Еркіндік ауылында барлық 2311 ірі қара және 1740 ұсақ малға вакциналаумен қамытылған. Түйнеме оқиғасы анықталғаннан кейін тағыда мәжбүрлі вакциналау жүргізілді»,-деді Г. Исаева.
Сонымен қатар ол бүгінде ветеринарлар бейімделген нысандарда жұмыс істеуге мәжбүр екенін және бұл орындарда препараттарды сақтау жағдайы қамтамасыз етілмегенін жеткізді.
Бұдан бөлек, вице-министр мал қорымдары проблемасына тоқталды. «Республика бойынша түйнемеге шалдыққан малдар көмілген 2034 орын бар. Өздеріңіз білесіздер, өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан өкінішке қарай, түйнеме Қазақстанда тіркелген. 734 осындай жерлер қоршалмаған және бұл орындарда арнайы белгі қойылмаған, оның ішінде 10-ы Қарағанды облысында»,-деді ол.
Г. Исаеваның пайымынша, шілденің ортасына қарай тексеру жұмыстары аяқталып, оның қорытындысы түйнеме ошағының нақты себебі анықталады.
«Бүгінде ауру сиыр мен ауруға ықпал еткен фактор анықталды. Бұл ретте вакциналауды дұрыс ұйымдастырмау, яғни вакцинаны сақтау кезінде салқындату тізбегінің бұзылуы айқындалды», - деді еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.
Оның сөзіне қарағанда, зертханалық түрде адамдардың түйнмемен науқастануының 8 оқиғасы нақтыланды, оның ішінде көз жұмған екі адам бар.
ҚР ІІМ вице-министрі Юрий Ильиннің айтуынша, аталған факті бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Істерде сотқа дейінгі тергеу шараларын Қарағанды облысы бойынша ІІД жүргізуде.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың мәліметінше, түйнемені жұқтырған науқастарға медициналық көмек көрсету сапасын тексеру үшін комиссия құрылды.