Қарағанды облысында үш басқарма басшылары тағайындалды

«Конкурстық комиссияның оң қорытындысына ие болған Асанов Бауыржан Қоңырбайұлы менің бұйрығыммен Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып тағайындалды», - деп жаңа жетекшіні өңір басшысы таныстырды.
Бұл тағайындауға дейін 45 жастағы Б.Асанов ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты жұмыспен қамту саясаты департаменті басқармасының басшысы болып істеді. Оның алдында ол Қарағанды қаласының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімдерін басқарып, Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы басқармасының орынбасары қызметінде болды.
Облыс әкімі сонымен бірге облыстық мәдениет, мұрағаттар мен құжаттамалар басқармасының басшысын таныстырды. Бұл қызметке осыған дейін «Наз» мемлекеттік би театрының директоры болып істеген 47 жастағы Еркебұлан Ағымбаев тағайындалды.
Е.Ағымбаев Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «хореографиялық пәндер оқытушысы» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1985 жылы «Алтынай» халық би балеті ансамблінің әртісі болып бастады. Астана қаласының мәдениет департаментінің өнер бөлімінің басшысы, кейін Астана қаласының мәдениет басқармасын басқарды.
«Менің бұйрығыммен «Б» корпусындағы кадрлық резервтегі Шығамбаев Мұрат Қанапияұлы Қарағанды облысының мемлекеттік активтер мен сатып алулар басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды», - деді Б.Әбдішев.
37 жастағы М.Шығамбаев осы кезге дейін денсаулық сақтау басқармасы басшысының экономика және қаржы бойынша орынбасары болып істеді. Оның алдында Балқаш қаласы экономика комитетінің бас маманы қаржы басқармасының бөлім басшысы қызметтерін атқарған.