Қарағанды облысында Жедел-алдын алу іс-шарасының алғашқы күнінде 100-ден астам шетелдік жазаға тартылды

«Шараның бірінші күнінде ҚР-да болу ережесін бұзғаны үшін 103 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 3 адам елден аластатылды, 16 шетелдіктің елде болу мерзімі қысқартылды, 4-еуі қабылдау-орналастыру орындарына жөнелтілді», - делінген облыстық ІІД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Жезқазғанда соттың елден аластату жөніндегі шешімін орындамағаны үшін Қазақстанда 2 жыл заңсыз тұрып келген Тәжікстан Республикасының 40 жастағы азаматшасы ұсталды. «Жезқазған қаласының мамандандырылған әкімшілік соты оған 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салып, елден аластатты», - делінген хабарламада.
Ал Қарағандыда Өзбекстанның екі азаматына тіркеусіз тұрғаны үшін 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, (40 450 теңге) елден шығарылды.
Айта кетейік, «Заңсыз келуші» жедел-алдын алу іс-шарасы Қарағанды облысында 1-7 қазан аралығында өтеді.