Қарағанды облысындағы шахта апатының салдарын жою жұмыстары жалғасуда
«Ленин атындағы шахтаның 4.02Д6-1-В лавасындағы өрт салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Әзірге «КӘАҚҚ» РММ филиалының жедел бөлімшелері іздеу, аумақты сумен және ауа-механикалық көбікпен салқындату, апатты аумақтағы ауа құрамын бақылау, азот қондырғылары арқылы ұңғымамен азот жберу, апатты құтқару жұмыстарын жүргізуге машықтанған шахта ұжымымен бірге апат аумағына лайланған қоймалжың шашу бойынша дайындық жүргізу, аумақты оқшаулау секілді жұмыстар атқарылды», - делінген хабарламада.
Тау-кен құтқарушыларының айтуынша, аумақтағы газ құрамы және температура белгіленген қалыптан аспайды, түтін де жоқ.
Өрт себептері апат салдары жойылған соң анықталады.
Тау-кен құтқару қызметінің мәліметтері бойынша, өздігінен көмір жанып кеткен лава жер бетінен 620 метр тереңдікте жатыр. Ашық өртті шахта жұмысшылары көрген. Олар өртті өз бетінше өшіре алмаған. Шахтаның тау-кен диспетчері апат салдарын жою жоспарын іске қосты.
9 желтоқсан күні 23.44-те «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» РММ Қарағанды филиалының бөлімшесі шақырылды. Оқиға орнына 11 минуттан кейін келген құтқарушылар өртті таратпауға және сөндіруге кірісті. Лавадағы өртті толық сөндіру үшін шамамен бір тәулік кетті.
Ленин атындағы шахтада екі лава бар. Әзірге оның біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Екінші лава апат салдары толық жойылған соң іске қосылады.
Еске сала кетсек, 9 желтоқсан күні түнгі он екі шамасында Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаменті Ленин атындағы шахтаның 4.02Д6-1-В лавасында көмір өздігінен жанып кетті.
Компания ақпаратына сәйкес, апат кезінде шахтада 178 адам болған. Зардап шеккендер жоқ. Жер астында жұмыс істеген шахта жұмысшылары құтқарушылар жеткенше, өз күштерімен сыртқа шықты.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ «АрселорМиттал» компаниясының құрамына кіреді және ҚР тау-металлургиялық секторының ірі кәсіпорны болып табылады. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ құрамына Теміртаудағы металлургиялық комбинат, 8 көмір шахтасы, Қарағанды, Ақмола, Қостанай облыстарындағы жез кенін өндіретін 4 кен орны кіреді.