Қарағанды облысындағы Спасск мемориалдық кешенінде саяси қуғын-сүргін құрбандары - еврейлерге арналып ескерткіш белгі ашылды
Бұл есеп бойынша осы мемориалдық кешен аумағында әртүрлі мемлекеттердің орнатқан он сегізінші ескерткіш белгісі.
«Естеліксіз болашақ болмайды» - бұл сөздер ескерткіш белгіде жазылған. «Өткен күн мен тарихтың қателерін түсіну өте маңызды», - деп атап өтті осы ескерткіш белгісін ашуға көмектескендердің барлығына алғысын айта отырып, Израиль Елшілігі әкімшілігінің басшысы және консулы Зив Билаус.
Спасск мемориалдық кешеніндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған митингіге Қазақстандағы оннан астам дипломатиялық елшіліктердің өкілдері қатысты. Словакия, Ресей Федерациясы және Германия елшіліктерінің басшылары сөз алды. «Есімізде сақтап, ешқашан ұмытпаймыз. Меніңше осы екі сөздің ұлы мағынасы бар», - деді Словакия Республикасының Қазақстан және Қырғызстан елдеріндегі Төтенше және Өкілетті елшісі Душан Подгорски. Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының Төтенше және Өкілетті елшісі Михаил Бочарников өз сөзінде қазақ халқына тарихты ұмытпағаны үшін алғысын білдірді.
Митингіде сондай-ақ «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» халықаралық жобасының аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының Астана және Ақмола облысында өткізген форумының қатысушылар болды. «Мен бұл жерге әкелеріміздің ерлігіне тағзым ету үшін арнайы келдім. Бізде Қырғызстанда да саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағзым ететін «Әкелер зираты» атты орын бар. Мен ол жердің топырағын осында алып келдім», - деді танымал қайраткер Шыңғыс Айтматовтың әпкесі Розетта Төреқұлова-Айтматова. Олардың әкесі 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшыраған.
Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ҚР Президентінің Жарлығымен белгіленіп, 1997 жылдан бастап аталып өтілуде.
Спасск мемориалдық кешені әскери тұтқындар жерленген жерде орналасқан. Спасск ауылында 1930-50-ші жылдары КСРО ІІМ -Ішкі істер халық комиссариатының бөлімшесі, сондай-ақ әскери тұтқындар жер аударылған шетелдік азаматтардың лагері орналасқан. Спасск ауылының жанында орналасқан зират - қазіргі уақытқа дейін сақталған зираттардың бірі. Мұрағат деректері бойынша, бұл жерде 50-ден астам ұлттың бес мыңға жуық тұтқындары жерленген. Бұл жерге алғашқы естелік белгісін 1987 жылы жапондықтар орнатқан. Одан кейін саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған өз жерлестеріне арнап Венгрия, Италия, Германия, Польша, Румыния, Франция, Финляндия, Ресей, Украина және тағы да мемлекеттер ескерткіш орната бастады. 2004 жылы Спасск мемориалдық кешенінде қазақ жерінде мәңгі тыныстаған барлық саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналып естелік белгі орнатылған.