Қарағанды облысының 17, Ақмола облысының 10 елді мекені су астында қалуы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының 17, Ақмола облысының 10 елді мекені су астында қалуы мүмкін . Бұл туралы бүгін Қазақстанның Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта Самарқан су қоймасына судың мол түсіп жатқандығын байқап отырмыз. Осыған байланысты бүгінгі күні Самарқан су қоймасынан артық суды ағызу басталды. Таңертең секундына 350 метр, сағат 12-де секундына 750 метр көлемде су ағызылуда. Сағат 17-ге қарай Самарқанд су қоймасынан секундына 900 метр су ағызылады деп күтілуде», - деді Беккер.
Комитет басшысының айтуынша, осыған байланысты Самарқан бөгетінің төменгі сағасында орналасқан Чкалово ауылының - 137, Садовая ауылының 308 тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілген. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының малдары да қауіпсіз аймаққа шығарылған. Жағдай бақылауда тұр.
«Самарқан су қоймасынан ағып шыққан су Ынтымақ су қоймасына, одан кейін Нұра өзеніне құйылады. Осыған байланысты Нұра өзенінің бойында орналасқан Қарағанды облысының 17, Ақмола облысының 10 елді мекеніне су астында қалу қауіпі төніп тұр. 2015 жылдағы су тасқынын қаперге ала отырып, жағдайдың ушығуының мүмкіндіктерін ескеріп отырмыз. Халық құлақтандырылды, құтқарушылар сол жерде. Әкімдіктер су тасқыны орын алуы мүмкіндіктерін төмендету шараларын қабылдауда», - деді ол.
Айта кетерлігі, Қарағанды облысы көлемінде өнеркәсіптің өрістеп, ауыз су тапшылығының сезілуіне байланысты 1933 жылы Самарқан-Қарағанды су арнасы құрылған болатын. Кейіннен 1939 жылы Нұра өзеніне биіктігі 20, ені 300 метрлік бөген салына бастады. Самарқан су қоймасының құрылысы 1961 жылға дейін созылды.