Қарағанды облысының әкімдігі мен Назарбаев Университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

ҚАРАҒАНДЫ. 4 қазан. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов бүгін Назарбаев университетінің атқарушы кеңесінің төрағасы Аслан Саранжапов бастаған осы білім ордасының делегациясын қабылдады.
None
None

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлайды.

Кездесу барысында облыс әкімдігі мен «Назарбаев Университеті» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

«Бүгінгі меморандум - ел Президентінің ұлттық білім жүйесін одан әрі дамыту бойынша тапсырмаларын іске асырудағы маңызды қадам. Меморандумның арқасында «мектеп-ЖОО» жүйесіндегі сабақтастықты дамыту сапалы жаңа деңгейіне өтетініне сенімдімін», - деді Ә.Құсайынов.

Хабарламада атап өтілгендей, келісім Назарбаев Университетінің технологияларын, тәжірибелік ғылыми зерттеулерін, жаңалықтарын, инновациялық  жобаларын алға жылжытуды қарастырады. Қарағанды политехникалық колледжі мен дарынды балаларға арналған мектептер робот жасау техникасы және мехатроника салаларында біріккен инновациялық жобаларды іске асыруды жоспарлауда. Сондай-ақ оқыту семинарлары мен машықтануларды ұйымдастыру және бірлескен олимпиадалар, байқаулар, ғылыми жобалардың сайыстарын өткізу туралы айтылды.

Ә.Құсайынов Назарбаев Университетінде 136 қарағандылықтың білім алып жүргенін хабарлады. «Бүгінде облыста білім беру саласындағы 15 инновациялық жоба іске асырылуда. Олардың екеуі бүкіл республика бойынша енгізілуде. Бұл ауылдық жерлерде шағын мектеп оқушыларын сапалы біліммен қамтамасыз ету үшін ресурстық орталықты құру идеясы және бірнеше тілде білім беру жобасы», - деп атап өтті облыс әкімі.

Бұрын хабарланғандай, Қарағандыда Назарбаев зияткерлік мектебінің құрылысы аяқталуда, оның ашылуы қазан айына жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар