Қарағанды облысының әкімдігі метан газын барлау жобасын жалғастыруға 2 млрд. теңге сұрап отыр

«Бұл мәселе өңіріміз үшін маңызды. Біздің ойымызша, айтарлықтай әлеует бар, яғни метан газы қорын облыстың және еліміздің энергиялық балансына тартуға байланысты жобаны жүзеге асыруға қатысты болып отыр. Ол бойынша алғашқы іздеу-барлау жұмыстарының кешені жүргізілді, 8 ұңғыма бұрғыланып, көңіл көншітерлік нәтижелер болды. Бұл жобаны ары қарай жүзеге асыру метан газының елеулі қорын балансқа қоюға мүмкіндік беріп, біздің өңірді және елорданы газбен қамтамасыз етуге жол ашар еді», - деді Н. Әбдібеков Теміртау қаласында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің қатысуымен тау-кен металлургиялық саланы дамытуға арналған кеңесте.
Өңір басшысы бұл жобаны ары қарай республикалық бюджеттен қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды сұрады.
«Бұдан бұрын Инвестициялар және даму министрлігіне жұмыстарды жалғастыруға бюджеттік өтінімді берген болатынбыз. Геологтардың мәліметінше, 2 млрд. теңгеге жуық қаржы болып тұр. Мүмкіндігінше осы мәселені қарастыруды өтінеміз. Біздің ойымызша, бұл маңызды бағыт болып табылады»,-деді әкім.