Қарағанды облысының әкімі американдық бизнесмендерді «Сарыарқа» АЭА аумағында әріптестікке шақырды

Ә. Құсайынов ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қойылған міндеттердің өңірде жүзеге асырылуы, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы және табиғи байлықтары жайлы әңгімеледі. Облыс әкімі сондай-ақ американдық бизнесмендерге «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймақтың аумағында жобаларды іске асыруға ұсыныс білдірді.
«Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шетелдік инвестицияларды тарту мақсатында аймақта «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Оның басты мақсаты - металлургиялық өнеркәсіп пен металл өңдеу салаларын дамыту, оның ішінде әлемдік сауда маркаларын өндірушілерді кеңінен тарта отырып, дайын өнімдерді шығару болып табылады. Сонымен қатар шикізатты терең өңдеу мен қосымша құны жоғары бәсекеге қабілетті өнім шығару бойынша серпінді инвестициялық жобаларды жүзеге асыру да аталған аймақтың негізгі бағыттарының бірі болып саналады», - деді Ә. Құсайынов.
Қазірдің өзінде АЭА аумағында жобаларды жүзеге асыру үшін 33 кәсіпорын тіркелді, деді ол.
«Қолайлы инвестициялық климат, бай шикізат қоры, біздің облысымыздың стратегиялық географиялық жағынан оңтайлы орналасуы экономика мен гуманитарлық салаларда ынтымақтастыққа кең жол ашып отыр», - деп атап өтті өңір басшысы.
Облыстық әкімдіктің берген ақпараты бойынша, облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары өзінің өнімдерін әлемнің 50-ден аса елдеріне жөнелтеді. Өңірде шетелдік капиталдың қатысуымен құрылған 400-ден астам өндіріс орны, оның ішінде 26 қазақстандық-американдық кәсіпорын жұмыс істейді. Облыстың АҚШ-мен сыртқы сауда айналымы өткен жылы 130 млн. доллар дерлік қаржыны құрады.