19:44, 23 Ақпан 2009 | GMT +5
Қарағанды облысының әкімі санақ науқанын сапалы өткізуге бағытталған бірқатар тапсырмалар берді
ҚАРАҒАНДЫ. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ – Қарағанды облысының әкімдігінде өткен кеңесте аймақта екінші Ұлттық халық санағының жүргізілуіне даярлық мәселелері қаралды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Ұлттық санақтың жүргізілуіне дейін санаулы ғана күндер қалды. Осы кең көлемді іс-шараны өткізу Мемлекет басшысының бақылауында тұр. Санақ науқанының нәтижесі біздердің қалай даярланғанымызға тікелей байланысты болмақ», ? деп атап айтты облыс әкімі Нұрлан Нығматулин. Қарағанды облысында санақ жүргізуге санақ қызметкерлерінің 6 000-нан астам адамы, оның ішінде халық санағы бойынша 20 уәкілетті өкіл, 139 санақ бөлімінің меңгерушісі, 1097 нұсқаушы-бақылаушы, 4788 есепші тартылған. Облыс әкімі санақ науқанын сапалы өткізуге бағытталған, оның ішінде санақшы кадрлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықты толық қамту, тұрғын үй-коммуналдық салаларға қатысты мәселелерді шешу, сондай-ақ санақ пункттерін үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.