Қарағанды облысының әкімі Шет ауданындағы жағдайға байланысты бірқатар лауазымды тұлғаны қызметінен босатты

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалардың басшылары, қала мен аудандардың әкімдері, штаб мүшелері қатысты, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Шет ауданындағы эпизоотикалық жағдай бойынша арнайы құрылған штаб жұмысы атқарылып жатқан шаралар туралы Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекцияның, денсаулық сақтау басқармасының басшылары мен Шет ауданының әкімі баяндады.
Оларды тыңдап болған соң әкім жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстарын сынға алды.
Жиын соңында басқарып отырған саладағы бақылауды әлсіреткені үшін, Шет ауданы Успен ауылдық округі Еркіндік ауылындағы жағдайға байланысты облыс әкімі келесі тапсырмаларды жүктеді:
Ауыл шаруашылығы саласын қадағалайтын облыс әкімінің орынбасарына, әлеуметтік саланы қадағалайтын облыс әкімінің орынбасарына, Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына сөгіс жариялау;
Қарағанды облыстық ветеринария басқармасының басшысын қызметінен босатып, төмен лауазымға тағайындау.
Өз қызметін тиісінше орындамағаны үшін төмендегі тұлғалар қызметінен босатылды:
Ауыл шаруашылығы мен ветеринария мәселелерін қадағалайтын Шет ауданы әкімінің орынбасары;
Шет ауданының ветеринария бөлімінің басшысы;
«Шет ауданының ветеринарлық станса» КМК директоры;
Шет ауданы Успен ауылдық округінің ветеринар дәрігері қызметінен босатылды.
Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департамент басшысына Шет ауданы Успен ауылдық округі Еркіндік ауылының тұрғындарына көрсетілген медициналық көмектің сапасын тексеру тапсырылды.
Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына медициналық мекеме қызметкерлерінің қызметін орындау кезінде салғырттық танытқаны дәлелденген жағдайда жауапкершілікке тартылуын қарастыруды тапсырды.