Қарағанды облысының әкімі Жезқазған өңірін дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді

ҚАРАҒАНДЫ. 19 ақпан. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев жұмыс сапарымен Жезқазған өңірінде болды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
None
None

«Облыс әкімі Бауыржан Әбдішевтің Жезқазған өңіріне жасаған жұмыс сапарында басты назарда болған мәселелер - әлеуметтік-экономикалық дамыту, халықтың күнделікті өзекті мәселелерін шешу мәселелері», делінген хабарламада.

Аймақ бысшысы Ұлытау ауданында, Сәтбаев және Жезқазған қалаларындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың қызметімен таныс болды. Оған қоса облыс әкімі Жезқазған мыс балқыту зауытында және Жезқазған ЖЭО-да болды. Сапар бағдарламасында Жезқазған-Бейнеу теміржол торабының құрылысын тексеру міндеті болды.

Осыдан кейін облыс әкімі аталмыш аймақ активінің жиынын өткізді. Жиын барысында аумақтың 2012 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралып, ағымдағы жылға мақсат-міндеттер бекітіліп, сондай-ақ өзекті мәселелер пысықталды.

«Ұлытау ауданы активінің жиналысында аудандық аурухана мен емхана құрылысы, кәріз жүйесін, орталық қазандық, дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салу сынды өзекті мәселелер талқыланды», - делінген хабарламада.

Осыдан кейін Жезқазған, Сәтбаев және Ұлытау ауданы әкімдерінің 2012 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен алдағы жоспарлары жөніндегі, сондай-ақ кешенді жоспарды жүзеге асыру және жылу беру маусымын өткізу барысы туралы есептері тыңдалды.

«Талқылау қорытындысы бойынша облыс әкімі аталған өңірлердің экономикасы мен әлеуметтік саласын қарқынды түрде дамыту, салық салынатын базаны кеңейту, инфляцияны тежеу және әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлеріне бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, медициналық кадрларды жұмысқа тарту туралы нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар кешенді жоспарда көзделген жобалар бойынша конкурстық үдерістерді өткізу, қылмыспен күресті күшейту, жергілікті бюджеттен мектептерге компьютерлік техникалар алуға қаржы бөлу, жылыту маусымының барысын қатаң қадағалау тапсырылды», - деп хабарланды облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Ұлытау ауданының әкіміне кәсіпкерлік және өнеркәсіп, туризм, дене шынықтыру және спорт басқармаларымен бірлесе отырып, «Ұлытау-Ел» туристік-сауықтыру кешені құрылысының ТЭН әзірлеуге инвесторлар тартуды қамтамасыз ету тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар