Қарағанды облысының билігі АН-2 ұшағы апатынан қаза тапқандарды жерлеуге көмек көрсетеді
«Қарағанды облысы әкімінің өкімімен Балқаш-Шатыркөл кен орны бағыты бойынша бет алған ұшақ апатынан көз жұмған «Балқаштүстіметалл» қызметкерлері мен экипаж мүшелерін жерлеуді ұйымдастыратын арнайы комиссия құрылды, қаза тапқандардың отбасына жан-жақты көмек көрсетіледі. Қазірде қаза тапқандардың денесін Қарағанды облысына әкелу мәселелері шешілуде», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, 2015 жылғы 20 қаңтарда Жамбыл облысының Шу ауданында орналасқан «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-ның Шатыркүл кен орнында АН-2 ұшағы апатқа ұшырады. Жедел-құтқару жұмыстарының нәтижесінде ұшақ кен орнынан 25 шақырым қашықтықтан табылды.
Әуе кемесі «Олимп ЭЙР» компаниясына тиесілі. Алдын ала деректер бойынша апатқа ауа райының қолайсыздығы (тұман) себеп болған. Ұшақ жерге қонбақшы болған сәтте, жерге соқтығысу салдарынан апат орын алған.
Ұшақ бортында жеті адам болған - «Қазақмыс» корпорациясынан төрт адам және үш экипаж мүшесі. Алты адам көз жұмды: техникалық даму департаментінің директоры Г.Т.Төлеубаев, «Балқаштүстімет» ӨБ-інің бас механигі Е.Б.Ибраев, «Балқаштүстімет» ӨБ-інің техникалық және инвестициялық жоспарлау бөлімінің бастығы Ұ.Х.Есмағанбетов, сондай-ақ барлық экипаж мүшелері - АН-2 командирі В.Г.Клюшев, екінші ұшқыш В.П.Савельев және борт механигі В.И.Литвинов қаза тапты. Апаттан аман қалған «Балқаштүстімет» ӨБ-інің бас геологы Ә.А.Шаяхметова ауруханаға жеткізілді.