17:43, 29 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қарағанды облысының экономикасына дағдарыс онша көп әсер ете қоймайды, деп санайды ҚР Премьер-Министрі
ҚАРАҒАНДЫ. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов бүгін Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының ыссылай мырыштау және алюминдеу цехында болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бұдан кейін Үкімет басшысы облыс басшылығының, аймақтың ірі жүйе құраушы кәсіпорындары басшыларының қатысуымен кеңес өткізді, онда дағдарысқа қарсы бағдарламаның орындалуы туралы сөз болды. Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматулин бүгінде өңірде қолға алынып жатқан шаралар туралы әңгімелеп берді. Кеңесте облыс әкімі Премьер-Министрге қысқартылуы ықтимал жұмыс орындарының аймақтық бағдарламалық картасын таныстырды. Бұл осы орайдағы елдегі алғашқы құжат. Болжамдық карта облыс басшылығының бастамашылығымен өткен жылдың өзінде-ақ жасалған болатын, онда нақты іс-қимыл жоспары қарастырылған. «Бағдарламалық карта облыстың негізгі 197 қала құраушы кәсіпорындарын қамтиды, оларда 160 мыңнан астам адам жұмыс жасайды, - деді Н.Нығматулин. ? Бұл құжат дер кезінде шаралар қабылдау үшін оқиға өрбуінің әртүрлі сценарийін қарастырады. Осы картаның арқасында біз белгілі бір өңірдегі жағдайды жіті бақылап отыра аламыз».Бұдан әрі облыс әкімі Ақтау кентінің мысалында картаның қалай қолданылатынын көрсетті. Мұнда қала құраушы «Central Asia Cement» кәсіпорнында қиындықтар пайда болған еді. Дер кезінде қолға алынған шаралардың арқасында, осы кәсіпорында 960 жұмыс орнын сақтап қалдық, деп атап өтті облыс әкімі.
Бұдан кейін кеңесте «Central Asia Cement», «Қазақмыс», «Арселор Миттал Темиртау» компанияларының басшылары бүгінгі жағдай туралы хабарлама жасады. Кеңесті қорытындылай отырып, К.Мәсімов «Бүгінгі басты мәселе ? жұмыс орындарын сақтап қалу. Егер алға қойылған барлық міндеттер орындалатын болса, Қарағанды облысының экономикасына дағдарыс онша әсер ете қоймайды деп ойлаймын», деді.Үкімет басшысы аймақта жасалған болжамдық карта «өте жақсы ойластырылған құжат. Облыс әкімдігі едәуір жұмыстар жүргізген. Бүгінгі қарқынды бәсеңдетуге болмайды», деп мәлімдеді.