Қарағанды облысының кәсіпорындары «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі құрылыс жұмыстары бойынша 7,6 млрд теңгеге шарт жасасты

«Қарағанды облысында 140 құрылыс кәсіпорны бар. Облысымыз қажетті құрылыс материалдарының барлық спектрін ұсынады, қазірде ол ЭКСПО нысандарын салу кезінде пайдаланылуда. Бүгінде ЭКСПО-2017 нысандарының құрылысы бойынша мердігер ұйымдар жалпы сомасы 7,6 млрд. теңгеге Қарағанды облысының 16 кәсіпорны арасында 24 шартқа қол қойды», - деп хабарлады кездесуде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әнуар Ахметжанов. Ол 2014 жылы Қарағанды облысы әкімдігі мен «ЭКСПО - 2017» ҰК» АҚ арасында көрмені ұйымдастыру және өткізу бойынша меморандум және бірлескен шаралар жоспары жасалғанын еске салды. «2015 жылы облыс әкімдігі, өңір тауар өндірушілері мен «ЭКСПО - 2017» ҰК» АҚ арасында 6 кездесу өтті, онда Қарағанды облысы аумағында, Астанадағы өзара ынтымақтастық мүмкіндіктері қаралды», - деді Ә.Ахметжанов. Облыс әкімі баспасөз қызметінің деректеріне сәйкес, облыспен арада ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қойылып, «ЭКСПО - 2017» ҰК» АҚ нысандарын салу бойынша бас мердігер мен өңір кәсіпорындары арасында 6 шарт жасалды.