Қарағанды облысының құс фабрикасында тауықтар қырылып қалды

«Абай ауданында «Орталық құс» ЖШС аумағында 800 мың құстың 16 283 басы қырылды. Құс фабрикасы директорының сөзіне қарағанда, тауықтар жаңа азық әкелінгеннен кейін қырыла бастады», - деді облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінде.
«Құс фабрикасы ветеринарлық дәрігерінің айтуынша, құстар уланған. «Құстардың қырылғанын естіген соң Абай ауданының ветеринарлық мамандары оқиға орнына шығып, қан сынамалары мен патологиялық материалды алып, «Ветеринария бойынша ұлттық референт орталығы» РМК-на жеткізді. Зертханалық тексерістен кейін сальмонеллез қоздырушысы анықталды», - деген түсініктеме берді облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіндешгілер.
Сонымен қатар жоғары патогендік құс тұмауы мен Ньюкасл дертін қоздырушы табылмағаны айтылды.
Облыстық әкімдік өкілдері жағдайдың бақылауға алынғанын және қазіргі уақытта құстардың қырылуы тоқтағанын жеткізді. «Қазіргі таңда Абай ауданының мемлекеттік санитарлық ветеринарлық бас инспекторы аудан әкіміне «Орталық құс» ЖШС аумағында шектеу шараларын ұйымдастыру жөнінде ұсыныс жасады.
Қырылған құстар ветеринарлық-санитарлық талаптарға сәйкес жойылды. Құс фабрикасы аумағында зарарсыздандыру жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өнімді шығаруға тыйым салынды», - деп қосты Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер.