12:37, 16 Маусым 2010 | GMT +5
Қарағанды облысының полиция қызметкерлері 15 жылдай жасырынып жүрген қылмыскерді Ресей аумағынан тапты
ҚАРАҒАНДЫ. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - «Іздеу» республикалық жедел алдын алу шараларының нәтижесінде Ресей аумағынан бұрынғы Жезқазған қаласының тұрғыны, аса ауыр қылмыс жасағаны үшін 15 жылдай уақыт жасырынып жүрген қылмыскер ұсталды.

Бұл туралы Қарағанды облысы Ішкі істер департаменті криминалдық полиция басқармасында хабарланды.
«1995 жылғы шілденің 23-і күні Жезқазғанда үш жас жігіт автокөлігіне иелік ету үшін қала тұрғынын шолақ мылтықпен атып өлтіріп, ауыр қылмыс жасайды. Қылмыс жасаған екі азамат ұсталып, үшіншісі қашып кеткен. 1996 жылдың тамызында оған іздеу жарияланған болатын», - деп түсіндірілді криминалдық полиция басқармасында. Ол Ресейдің Томск облысында жасанды құжат жасап, басқа аты-жөнмен жүрген жерінен қолға түсті.
Бүгінде ол Жезқазғанға қайтарылып, тергеу абақтысына қамалды.