Қарағанды облысының тұрғындары экоэнергия тұтына бастайды

  АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында күн және жел қуатымен жұмыс істейтін алты электростанция салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат аймақ әкімдігіне сілтеме жасап.
None
None

Барлық алты станция 2020 жылдың соңына дейін іске қосылуы тиіс. Жобалар жеке инвесторлармен қаржыландырылады. Жоба құны - 163 миллиард теңге. 

«Осы жылдың соңында Саран қаласында Орталық Азиядағы ең ірі күн электр станциясының құрылысы басталды. Оның қуаттылығы - 100 МВт. Жылына 145 миллион КВт қуат өндіретін болады», - деп мәлімдеді Қарағанды облысының Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Қайрат Бегімов.

Тағы бір күн электр станциясы жоспар бойынша Шет ауданында, Ағадыр кентінің маңында орналасатын болады. Ол «КазСолар» ЖШС қаражатының есебінен салынады. Қуаттылығы - 50 Мвт. 

Ал Ақтоғай ауданы Гүлшат ауылында «КПМ-Дельта» ЖШС 40 МВт-тық күн электр станциясын тұрғызатын болады. 

10 МВт жел қуатымен жұмыс істейтін жаңа электр станциясы Осакаров ауданы Осакаров кентінде де пайда болады. 

«Шаңырақ - 22» ЖШС қаржысы есебінен салынатын қуаттылығы 10 МВт болатын жел электр станциясы Қарқаралы ауданында салынады. 

Сондай-ақ Абай ауданында «Агрофирма Құрма» ЖШС қуаттылығы 1 МВт биогазды құрылғы орнатады. 

Бұл станциялар өндіретін қуатты Энергетика министрлігі бір киловатын 32-36 теңгеден сатып алуды жоспарлап отыр. Сонан соң оны KEGOК-тың желілері бойынша таратады. Тұтынушыларға қуат аймақтарда бекітілген тарифтер бойынша жеткізіледі. Қарағандыда бір киловатт 10-11 теңгені құрайды.

 

Соңғы жаңалықтар