Қарағанды өңірі Ораза айт мерекесін атап өтті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - 12 айда бір келетін, көпшілік мәре-сәре болып тойлайтын Айттың алғашқы күнін Қарағанды облыстық орталық мешіті ұлттық нақышта атап өтті, деп хабарлайды ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша баспасөз қызметінен.
None
None

Таңғы Айт намазының алдында Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Қарағанды жұртын Ораза Айт мерекесімен құттықтап, дінімізге күш-қуат, елімізге амандық тіледі. ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы жиналған көпшілік алдында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіретінің құттықтауын жеткізді. Өкіл имам өзінің ақжарма тілектерінен соң мешіттің ұйымдастыруымен өтетін мерекелік іс-шараның бағдарламасымен таныстырып, барша жамағатты мешіт алаңына шақырды. ҚМДБ бекіткен «Дін мен дәстүр» жылы аясында мешіт ауласында киіз үйлер тігіліп, ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар және белгілі зиялы қауым ақ дастарханға шақырылды. Ұлттық ойындар бойынша арқан тартып жарысуда жігіттер топ-топқа бөлініп күш сынасса, найза лақтырудан қатысушылар өз мергендіктерін көрсетті. Қазақша күресте нағыз палуандар анықталып жатса, басқалары гір тасын еркін көтеріп, көрермен таңдайын қақтырды. Кіл жүйріктерге мешіт ұжымы марапаттау қағаздары мен бағалы сыйлықтарды үлестірді.

Соңғы жаңалықтар