Қарағанды өңірінде 1 ғасырға жететін мыс, алтын, күміс қоры бар

Қазір мұнда құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Әлемнің озық технологиясымен жұмыс істейтін кен байыту фабрикасы жылына 3 миллион тонна өнім өндіреді, деп хабарлайды khabar.kz.
Мыс, алтын, күміске бай кеніштердегі кен қоры шамамен 100 жылға жетеді деп болжанып отыр.
Мамандардың айтуынша, мұндағы кенді ұнтақтап-сұрыптайтын заманауи кешендер әзірге еліміздің ешбір өндірісінде жоқ. Ерекшелігі, кеніште жүк көліктері мүлдем қолданылмайды. Яғни шикізатты өндіріске тасып шығындалудың қажеті жоқ. Қазылған кен конвейер арқылы тікелей фабрикаға жетіп, өңделеді. Мамандардың айтуынша, мұнда жылына 3 миллион тонна өнім өндірілмек. Инновациялық жоба құны 14 миллиард теңге. Геологтардың барлауы бойынша, қойнауы қазынаға толы өңірде 1 ғасырға жететін мыс, алтын, күміс қоры бар.
"Кәсіпорынның тағы бір ерекшелігі, қоршаған ортаға зияны жоқ. Өндіріс қалдықтары арнайы қондырғыда сүзіліп, өңделеді. Мұнда техника қауіпсіздігіне де ерекше мән берілген. Барлық жұмыс автоматты түрде жүзеге асырылады",-дейді «Теректі» кен байыту фабрикасының бас директоры Қуанышбек Жақыпбеков.
Кәсіпорын толық жобалық қуатына енген кезде 300-ден астам жұмыс орны ашылады. Қазір мұнда 186 адам еңбек етіп жатыр. Финляндия, Франция, Италиядан келген кәсіби мамандар оларға заманауи қондырғыларда жұмыс істеудің қыр-сырын үйреткен.