13:08, 12 Мамыр 2012 | GMT +5
Қарағанды полицейлері Ресейге қазақстандық қылмыскерді ұстап берді
ҚАРАҒАНДЫ. 12 мамыр. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында полиция қызметкерлері Ресейде көліктерді тонап, ұрлағаны үшін іздеуде жүрген Шығыс Қазақстан облысының 30 жастағы тұрғынын ұстады.

Бұл туралы Қарағанды облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарланды.
Полицияның берген ақпаратына сәйкес, жедел іздестіру шарасының барысында күдікті Қарағанды облысының Шет ауданында орналасқан қыстақтардың бірінде ұсталды.
«Өткен жылдың қаңтар айынан бастап ол РФ Түмен облысы қалалық ішкі істер бөлімімен іздеуде болды. Ол РФ ҚК-нің 158-бабы (Ұрлық) және РФ ҚК-нің 166-бабы (Автомобильді немесе өзге де көлік құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену) бойынша айыпталуда», - делінген облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қазіргі уақытта күдікті Шет ауданы ІІБ-нің уақытша ұстау абақтысына қамалды. Іздеу жариялаған тарапқа хабар берілді.