Қарағандыда 1 млн теңгенің алтын бұйымдарын ұрлағандар ұсталды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда полиция қызметкерлері 1 миллион теңгеге бағаланатын алтын бұйымдарды ұрлаған үш жігітті ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
19 наурызда полиция пультіне белгісіз тұлғалар пәтерге кіріп, 1 млн теңгеден астам соманың алтын бұйымдарын ұрлап кеткендігі туралы хабар келіп түсті.
Тергеу барысында Михайлов ПБ-ның қызметкерлері 21-26 жас аралығындағы үш қала тұрғынын анықтады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұсталғандардан жасанды кілттер мен алтын бұйымдарды айғақ заттар ретінде тәркілеген.
Сонымен қатар, күдіктілер Қарағанды қаласында ғана емес, сондай-ақ Теміртауда да бірнеше пәтерді тонағандарын мойындады.
Айта кету керек, ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша ұрлық, яғни бөтен мүлікті жасырын ұрлағаны үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.