Қарағандыда 600 млн. теңгеге жалған келісім жасап, заңсыз жұмыс істеп келген кәсіпорын анықталды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда 600 млн. теңгеге жалған келісім жасап, заңсыз жұмыс істеп келген кәсіпорын анықталды.
None
None

Қарағанды облысының қаржы полициясы департаменті басшысының орынбасары Сәбит Жаманқараевтың хабарлауынша, аталған факті бойынша төрт адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

«Қарағанды тұрғындары Д.Серов, Н.Серова, К.Блабанов пен С.Рпишев жалған кәсіпкерлікпен айналысты деп айыпталуда. «Николь 20-30» ЖШС деректемесі бойынша жарты жыл бойы сыйақы үшін түрлі кәсіпорын-контрагенттерге жеткізілген тауарлар мен көрсетілген қызметтер туралы жалған есептік құжаттар толтырған», - деді С.Жаманқараев.

Оның сөзіне қарағанда, қаржы полицейлері 150 млн. теңге сомасына жалған келісімдер жасалғанын тіркеген және оны қылмыс үстінде ұстаған. «Аталған келісімнен сыйақы сомасы 5 пайызды, немесе 8,5 млн. теңгені құрады», - деп атап өтті қаржы полициясы департаменті басшысының орынбасары.

Тергеу нұсқасы бойынша, жалған кәсіпорын 17 контрагентпен 604 млн. теңгеге өзара есеп жүргізген.

Мамандардың қорытындысы бойынша, мемлекетке төленбеген салық түрінде 170 млн. теңгеден астам залал келген.

«Қазіргі уақытта екі айыпталушы қамауға алынды. Екеуіне қатысты кепілге қою түрінде шара қолданылмақ», - деп қосты С.Жаманқараев.

Ведомствоның мәліметтері бойынша, 2014 жылдың 4 айында облыста экономика және қаржы желісі бойынша 182 қылмыс анықталған, олардың 16-сы жалған кәсіпкерлікпен байланысты.

Соңғы жаңалықтар