Қарағандыда адам өліміне әкеп соққан жол-көлік апатына себепші болған шенеунік жұмыстан қуылып, «Нұр Отан» ХДП-ның қатарынан шығарылды

ҚАРАҒАНДЫ. 21 ақпан. ҚазАқпарат - Қарағандыда мас күйінде көлік жүргізіп, адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасына себепші облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бұрынғы бастығы «Нұр Отан» ХДП-ның қатарынан шығарылды, деп хабарлады облыстық партия филиалының баспасөз қызметінен.
None
None

«Бүгін «Нұр Отан» ХДП Қарағанды қалалық филиалы саяси кеңес бюросы өтті, онда Е. Өтешевтің партиялық жауапкершілігі жөнінде мәселе қарастырылды. Бұл мәселе Е. Өтешевтің мас күйінде көлікке отырып, адам өліміне әкеп соққан жол-көлік апатына себепші болуына байланысты көтерілді. Бюроның мүшелері оның партия қатарынан кетуін бір ауыздан мақұлдады», - деп хабарланды «Нұр Отан» ХДП филиалының баспасөз қызметінен.

Оның үстіне жуырда Е. Өтешевтің энергетика және ТКШ басқармасының бастығы қызметінен босатылғаны мәлім болды.

Естеріңізге сала кетейік, 16 ақпанда Қарағанды облысы Энергетика және ТКШ басқармасының бастығы Е.Өтешев адам өліміне ұшыратқан жол апатына себепкер болды. Шенеунік BMW X5 көлігімен қарсы беттегі жолаққа шығып кетіп, «Тойота Корола» және «Опель» көліктерімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан 53 жастағы әйел мерт болды және «Тойота» мен «Опельдің» жүргізушілері әр түрлі жарақаттар алды. Е.Өтешевтің өзі де миы шайқалып, ауруханаға жеткізілді. Сараптама көрсеткендей, жол апаты орын алған сәтте Е.Өтешев ауырлығы орташа деңгейде мас болған.

Соңғы жаңалықтар