Қарағандыда атақты режиссер К.С.Станиславскийге ескерткіш ашылды

Бұл атаулы оқиғаға Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Ресей Федерациясының Қазақстандағы Елшісі Михаил Бочарников, сондай-ақ ресейлік қонақтар: Ресей халық әртісі, РФ Театр қайраткерлері одағы төрағасының орынбасары Евгений Стеблов, Ресейдің халық әртісі Валерий Хлевинский және Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Янина Колесниченко қатысты. Жиында атап көрсетілгендей, бұл ТМД елдерінде Станиславскийге орнатылған бірінші ескерткіш.
К.С.Станиславскийге орнатылған ескерткіш режиссердің атындағы облыстық орыс драмалық театрын жаңарту жұмыстарын қорытындылап отыр. 1962 жылы салынған театр ғимаратында «Жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, бұл мақсатқа 675 миллион теңге қаржы бөлінді. Театрдың алдына орнатылған ескерткіштің авторы - танымал мүсінші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Анатолий Билык. Режиссер креслода отырған күйінде бейнеленген. Қоладан құйылған мүсіннің биіктігі - 2,8 метр.
Ескерткіштің ашылуы рәсімінен кейін Премьер-Министр театрды аралап шықты, ондағы мұражай жәдігерлерімен танысты және актерлармен әңгімелесті.
Қарағанды театрының тарихы сонау 1930 жылдан басталады, бастапқыда ол шағын көшпелі театр ретінде жұмыс істеп келген. Театр ғимараты кейіннен 1962 жылы салынған. Театр өнерін дамытуға қосқан айтулы үлестері үшін 1963 жылы театр ұжымына К.С.Станиславскийдің есімі берілді.