Қарағандыда «Бесоба» шағынауданында опырылып құлаған үйдің үйінділерін қопару жұмыстары басталды

ҚАРАҒАНДЫ. 7 сәуір. ҚазАқпарат - 7 сәуір күні таңертең Қарағандыда кеше «Бесоба» шағынауданында опырылып құлаған бес қабатты үйдің үйінділерін қопару жұмыстары басталды.
None
None

Бұл туралы Қарағанды облысы ТЖД-нің баспасөз қызметінен хабарлады.

Ведомствоның берген ақпаратына қарағанда, төтенше жағдайдың салдарын жоюға 17 құрылым, 207 адам мен 50 техника жұмылдырылды.

«Қарағанды қаласының әкімдігі төтенше жағдайдың салдарын жою бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуде. Жоспарға сәйкес, үйінділерді қопару жұмыстарын «Аспап» ӨК жүзеге асырады, олардың жұмысын күшейту қалалық ұйымдардың және облыстық ТЖД құрылымдарының есебінен жүргізіледі.  Сонымен қатар, зардап шеккендерге баспана беру немесе келтірілген шығынды өтеп беру мәселесі шешілуде», - делінген облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қираудан аман қалған жарты үйдің 4-інші кіреберісінің 40 тұрғыны уақытша басқа жерге көшірілді, делінген хабарламада.

Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті «ТЖ-ның себептерін тексеру бойынша комиссия құру туралы» бұйрық шығарды, оның құрамына мүдделі барлық мемлекеттік органдар енгізілді. 

Бұған дейін хабарланғандай, Қарағандыда «Бесоба» шағынауданындағы бес қабатты тұрғын үйдің бір бөлігінің опырылып құлау фактісі бойынша мамандандырылған прокурор ҚР ҚК-нің 307 бабы (Қызметтік өкілеттігіне қиянат ету) бойынша қылмыстық іс қозғады.

Естеріңізге сала кетейік, 5 сәуір күні сағат 10.55-те Қарағандының «Бесоба» шағынауданында үлескерлік қатысумен үш жыл бұрын салынған бес қабатты тұрғын үйдің 4 кіреберісі бар блогы опырылып құлады. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.

Аталмыш тұрғын үйде 1 сәуір күні салмақ түсетін негізгі құрылыс конструкциялары бұзылған болатын.

Апатты үйден 138 адам көшірілген болатын. Қарағанды әкімдігінің 3 сәуірдегі өкімімен үйге ТЖ режимі енгізілді.  

Үйдің құрылысымен айналысқан «Сервиспромснаб» ЖШС-нің директоры Андрей Маляновқа қатысты қаржы полициясы үлескерлерді алдау фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу үстінде. Алданған үлескерлердің ақшасын жымқырып, бой тасалап жүрген компания басшысына іздеу жарияланды.

Соңғы жаңалықтар